Қаз   Рус  Eng

9 желтоқсанда М. Әшімбаевтың төрағалық етуімен Сенат отырысы болды

Сенаторлар еліміздің сот жүйесін одан әрі реформалауға бағытталған заңдар қабылдады. Осы заңдардың бәріне Парламент депутаттары бастамашы болғанын атап өткен жөн.

Енді сот жүйесіне құқықтың тар аядағы салалары бойынша білікті мамандарды тарту жөніндегі ереже заңнамалық тұрғыдан бекітіледі. Ол үшін үміткерлер мамандандырылған біліктілік емтиханын тапсырып, бөлек конкурстан өтуге тиіс. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңда осы және басқа да жаңалшылдықтар көрініс тапқан.

Судьялардың бос лауазымдарына кандидаттарды тағайындау мәселелерін қарау жөніндегі Жоғары Сот Кеңесінің өкілеттіктері де кеңейтіледі. Сенаторлар ол ережелерге қолдау білдірді және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң Палата отырысында екі оқылымда қабылданды.

Сонымен қатар сенаторлар Мемлекет басшысы азаматтық процесті жеңілдету жөніндегі бұрын мақұлдаған тәсілдерді іске асыруға, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейтуге бағытталған заң жобасына да бастамашы болған еді. Бүгін қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң осыған арналып отыр.

Бұл заң медиаторлардың құқықтары мен міндеттерін нақтылайды, онлайн-медиацияны дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар әлемдік тәжірибедегі «үлгілі сот шешімі» институтын бейімдеу ұсынылады және тараптарға аумақтан тыс сотталуды таңдау құқығы беріледі. Бұл қағиданың мәні-жайы – IT арнайы бағдарламасы істі бір соттың ішінде емес, бүкіл елдегі соттардың арасында олардың мамандануы мен жұмыс жүктемесін ескере отырып автоматты түрде таратады. Бұл ретте аумақтан тыс сотталу жағдайы екі тараптың келісімімен ғана таңдалады.

Сенат Спикері Палата қабылдаған ережелер сот жүйесінің тиімділігін арттыратынына сенім білдіріп, осы заңдарға бастамашыл болып, құжатты дайындаған депутаттарға алғыс білдірді.

Отырыс барысында сенатор Н. Қылышбаев өзінің депутаттық сауалын жолдап, зейнетақы жинақтарын алу үшін жеткілікті шекті арттыруды қайта қарау және ол бойынша Үкіметтің ғана шешім қабылдауы қажеттігін атап өтті.

Дерек көзі: https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/5709