Қаз   Рус  Eng

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы Н.Н. Годунованың 2023 жылғы 20 желтоқсандағы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Жекелеген аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша су ресурстарының басқарылу тиімділігін талдау» тақырыбында сөйлейті

Құрметтi Ерлан Жақанұлы!

Құрметтi депутаттар, қатысушылар!

Бүгін маңызды мәселелердің бірін талқыға шығарып отырмыз.

Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау қажеттілігіне бірнеше рет назар аударды.

Тек 2013-2022 жылдардың өзінде орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге триллион теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Бүгінгде елді мекендердің 78%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген.

2019 жылдан бастап суармалы егіншілік көлемі 78 мың гектарға ұлғайтылды.

Сонымен қатар, су ресурстарын басқару тиімділігі өте төмен күйде қалып отыр. Бұл ауыл шаруашылығына қажетті судың тапшылығы, тұрғындарға, әсіресе ауылда тұратындарға орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету проблемаларын тудырады.

2018 жылы Есеп комитеті Су шаруашылығы саласындағы су ресурстары мен активтердің басқарылу тиімділігіне аудит жүргізді.

2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оңтүстік өңірді су ресурстарымен қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың іске асырылуына аудит жүргізілді.

Ал биыл – «Қазсушар» РМК-ның халықаралық қарыздарды пайдалану бойынша қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігіне аудит жүргізілді.

БҰҰ Даму бағдарламасының ақпаратына сүйенетін болсақ, Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай жылына 75 текше шақырымға дейін қысқаруы мүмкін.

Біздің көрші мемлекеттерге трансшекаралық өзендер арқылы суға тәуелділігіміз кері әсерін тигізіп отыр. Сырттан келетін су ағыны да азая түсуде.

Сонымен қатар, басқа елдермен салыстырғанда біз суды үнемдейтін технологияларды іс жүзінде қолданбаймыз.

Ескі каналдар мен тозған желілердегі судың шығыны орасан зор.

Мысалы, 2022 жылы ауыл шаруашылығында ғана су шығыны 5,2 текше шақырымды (жалпы алынатын судың 45%-ы), ал трансшекаралық өзендердің сыртқы ағынының тапшылығы 0,8 текше шақырымды құрады.

Сонда суды үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу кезінде трансшекаралық су бөлу проблемасын қаншалықты жоюға болатынын өзіңіз бағалай беріңіз.

2022 жылы жүргізілген аудит барысында оңтүстік өңірде су үнемдеу технологиялары тек 68 мың гектарға немесе барлық суармалы алқаптың 5%-на ғана енгізілгені анықталды. Тіпті осының өзі жылына 0,2 текше шақырым үнемдеуге мүмкіндік берді.

Су ресурстары комитетінде (АШМ және Экология министрлігі құрамында) және «Қазсушар» РМК-да жүргізілген аудит шеңберінде шамамен 68 млрд теңге бюджет қаражаты және 693 млрд теңге активтер қамтылды. 3 млрд 300 млн теңге қаржылық бұзушылықтар, 56 млрд теңге бюджет және қарыз қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану, сондай-ақ 2,5 млрд теңге экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда анықталды.

Қазіргі таңда бюджетке 1 млрд 700 млн теңге (51%) өтелді және қалпына келтірілді.

Әкімшілік айыппұлдар салынды. 4 материал құқық қорғау органдарына берілді. Бір материалға қатысты – 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі сот үкімі шығарылды.

Қомақты бюджет қаражаты бөлінгеніне қарамастан, барлық проблема су ресурстарын басқару жүйесінің өзін тиімді ұйымдастырмау салдарынан орын отыр.

Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды, Ұлттық гидрогеологиялық қызметті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ еліміздің негізгі су шаруашылығы кәсіпорындарын реформалау басталды.

Ал енді, Жоғары аудиторлық палатаның аудиттері анықтаған су ресурстарын басқарудың жүйелі проблемалар мен кемшіліктер туралы айтайық.

БІРІНШІ. Су шаруашылығы құрылыстары әбден тозған, кейбірі – тіпті апатты жағдайда. Технологиялық жағынан ескірген суару жүйелері қолданылады.

Гидротехникалық құрылыстардың 25 пайыздан астамы қанағаттанарлықсыз және апатты жағдайда тұр.

Осыған қарамастан, каналдарды ескірген технологиялар бойынша жобалап, салып жатыр.

Мысалы, Жамбыл облысында 16 жер каналын реконструкциялау жобасы сапасыз жобалау, сондай-ақ судың түбі мен беткейлерінің шайылуы себебінен тоқтатылды. Бұл жобаға түзетулер енгізіліп, оның қымбаттауына әкеп соқтырды. Салдарынан 1,1 млрд теңге сомасына орындалған жұмыстардың 50 пайызы «далаға кетті».

Суару жүйелерінің тозуы және ескі құрылыс технологияларын қолдану себебінен судың шығыны су алу көлемінің 50% құрайды. Жер каналдарында судың 40%-ы жай жерге сіңіп кетеді. Тағы 10%-ы ыстық пен желдің әсерінен буланады.

Ең сорақысы, уәкілетті мемлекеттік орган - Су ресурстары комитеті мұны норма ретінде қабылдап, жыл сайын Қазсушарға су шығынының жоспарлы (!) көрсеткіштерін 40 пайыздан 70 пайызға дейін келісіп отырған.

Мысалы, судың 70% жоспарлы шығынын РМК филиалы – Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналына келісілген.

Тағы бір мәселе. Гидротехникалық құрылыстар дайын болмаса да, 2009 жылдан бастап Қазсушар құны 422 млн теңге болатын Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесін әзірлеу және енгізу жөніндегі жобаны іске асыруда. Сол бағамен. Осы жүйеге 6 мыңға жуық құрылысты қосу жоспарланған болатын!

Аудит жүргізу кезінде (2023 жылғы мамыр), яғни 14 жылдан кейін автоматтандырылған гидротехникалық құрылыстардың үлесі 2% немесе 118 объектіні құрады. Оның ішінде 47-де ғана ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр. Яғни, іс жүзінде 1%-дан аз автоматтандырылған! Қазсушардың өзімен әлі интеграцияланбаған.

ЕКІНШІ. Орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету проблемалары.

Биыл жазда елорда тұрғындары да су проблемаларын бастан кешіргені естеріңізде болар. Жақында Атырау мен Теміртауда да осындай жағдай орын алды.

Ал ауылдағы ахуал қалай? Мысалы, Жоғары аудиторлық палатаның аудитімен Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдарының тұрғындары (13,5 мың адам) 2021 жылы салынған тарату желілері болғанмен, орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізе алмай отырғаны анықталды.

Ақтөбе облысында жағдай керісінше – әр түрлі облыстық басқармалары (Құрылыс және энергетика және ТКШ) бір елді мекенге – Хромтау ауданының Жазық станциясына ауыз сумен жабдықтауды жеткізу бойынша екі жобаны іске асырғаны анықталды.

Олардың бірі қуаттылығы тәулігіне 350 текше метр су өндіретін зауыт үшін, оның ішінде халық үшін – тәулігіне 150 текше метр су өндірілді.

Ал екіншісі – сол елді мекеннің тұрғындары үшін қуаты тәулігіне 71 текше метр.

Бұл ретте Ақтөбе облысында 315 ауылдық елді мекеннің 48-і орталық сумен қамтамасыз етілмеген.

ҮШІНШІ. Тарифтік саясаттың жетілмегендігі.

Бүгінде жан басына шаққандағы тұтынылатын су көлемі бойынша Қазақстан Global Water Use мониторингіне енгізілген 179 елдің ішінен әлемде 11-ші орында.

Сарапшылар мұны тарифтердің төмендігімен және тұтынушылардың суды үнемдеуге деген ынтасының жоқтығымен байланыстырады.

Уәкілетті орган Қазсушар үшін мәлімделгеннен екі есе төмен бекіткен 2018-2023 жылдарға арналған төмен тариф кәсіпорынның қаржылық жай-күйінің нашарлауына және шығындарының жинақталуына айтарлықтай әсер етті. Мұндай жағдай жаңа инфрақұрылымның құрылысына инвестиция салу былай тұрсын, қолда бар инфрақұрылымды тиісті жағдайда күтіп-ұстауға, сондай-ақ саладан кетуге мәжбүр өндірістік жұмыскерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік бермейді.

Тарифтерді қайта қарамаса, жағдай нашарлап кетті.

Сондықтан биыл қараша айында алдағы бес жылдық кезеңге жаңа тарифтер бекітілді. Әрине, мәлімделгендерден төмен, бірақ 2 есе емес, 30 пайызға.

Бұл уәкілетті мемлекеттік органның ақпараты бойынша ағымдағы қарыздарды өтеуге, кем дегенде қандай да бір күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және еңбекақыны (25%-ға) шамалы арттыруға мүмкіндік береді.

Әрине, су саласындағы кәсіпорындар мен тұтынушылар арасындағы мүдделер тепе-теңдігін табу оңай емес. Бірақ мұны дәл қазір – Су саласын дамыту тұжырымдамасын және Кешенді жоспарды әзірлеу кезеңінде, негізгі су шаруашылығы кәсіпорындары – Қазсушар мен Нұра топтық су құбырын трансформациялау кезеңінде жасау керек.

ТӨРТІНШІ. Білікті кадрлардың тапшылығы және техникалық мамандардың жаппай кетуі.

Су саласындағы кадрларды қолданыстағы оқу бағдарламасымен даярлау қазіргі заманға сай қажетті білімді бермейді. Сонымен қатар, гидротехникалық құрылыстарды жобалау және пайдалану саласында мамандар – инженер-гидротехниктер, инженер-гидромелиораторлар жетіспейді.

Жаңадан құрылған Министрлік кадрларға деген нақты қажеттілікке әлі талдау жасамаған. Бұған дейін де Экология министрлігі мен Ауыл шарушылығы министрлігінде ахуал осылай болған.

Ауызша ақпаратқа қарағанда, саладағы тапшылық 500-ге жуық білікті мамандарды құрайды. Алайда қай өңірге қанша керек екенін ешкім білмейді.

2018 жылы мемлекеттік аудит жүргізілгеннен кейін ғана «Су шаруашылығы» мамандығын ашу жұмыстары басталып, 2020 жылдан бері осы саладағы инженерлік және құрылыс бейіні бойынша кадрлар даярлана бастады. Сондықтан осы мамандық бойынша түлектер әлі жоқ.

2018-2022 жылдары ауыл шаруашылығы саласындағы «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша оқуын аяқтаған 1 300 түлектің 80 пайызы өз мамандығымен жұмыс істеп жүр. Кадр тапшылығының тағы бір себебі – жалақының төмендігі (орта есеппен – 172 мың теңге). Жұмыстан шығарылған жұмыскерлердің 90%-дан астамы өндірістік персонал.

2024 жылы екі мамандық бойынша 156 маман оқуын бітіреді деп күтілуде. Бұл бір саладағы кадрларға қажеттілікті 30 пайызға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

БЕСІНШІ. Халықаралық қарыздар жобаларын іске асыру әрдайым тиімді бола бермейді.

Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі мен Ислам Даму Банкінің қарыздары шеңберінде Қазсушар 2017 жылдан бері 317 миллион доллар сомасына 61 жоба қаржыландырылуда.

Жоғары аудиторлық палата аудит жүргізу кезінде іске асырылған 5 жылда тек 18 жоба (29%) тапсырылғаны, 37-і (61%) іске асырылып жатқаны, 6 жобаның (10%) жұмыстары тіпті әлі басталмағаны анықталды.

Себептері сол баяғыдағыдай – сапасыз жобалау және жосықсыз мердігерлер.

Жобаларды іске асыру мерзімдерін кешіктіру Қазсушар шотында 6,5 миллиард теңгенің жинақталуына әкелді. Бюджет оларды резервке қойғаны үшін қосымша 1,7 миллиард теңге төледі.

Сонымен қатар, ұлттық валюта бағамы төмендеген жағдайда қабылданған міндеттемелердің ұлғаю қаупі бар, өйткені қарыздар доллармен алынған.

Құрметті депутаттары!

Сондай-ақ аудитпен Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің 3 млрд теңгеден астам сомаға 8 қарыз жобасы шеңберінде сатып алынған жабдықтар мен салынған инфрақұрылым мақсатына сай пайдаланылмайтыны анықталды. Соның салдарынан, жоспарланған 4 мың гектарға жуық суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілмеген.

Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі қарыздарының бірін мақсатсыз пайдаланудың тағы бір мысалы – «Ақтөбе су қоймасынан Сазды өзенінің арнасына сутартқыш салу арқылы Ақтөбе қаласының жасыл аймағының инфрақұрылым объектілерін дамыту» жобасын 1,5 миллиард теңгеге іске асыру.

Бұл қарыз суару инфрақұрылымын қалпына келтіруге жоспарланған, ал іс жүзінде саябақ аймағын абаттандыруға пайдаланылған.

Саябақтарды салу, әрине, қажет. Бірақ, валюталық қарыздар есебінен емес шығар.

Жоғары аудиторлық палата аудиторлық іс-шараларының нәтижелері бойынша Үкіметке және уәкілетті мемлекеттік органдарға су саласын басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған барлығы 91 тапсырма мен ұсынымдар берілді. Олардың 41-і орындалды, 50-і орындалып жатыр.

Орындалғандарының ішінде – республикалық меншіктегі 4703 су шаруашылығы құрылыстарына паспорттау жүргізілді, су қорының жерлеріне түгендеу жүргізілді, Гидротехникалық құрылыстарды көп факторлы тексеруді орындау қағидалары қабылданды.

2256 иесіз өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымалар проблема күйінде қалып отыр.

2010 - 2020 жылдар аралығында оларды жою іс-шаралары мүлдем өткізілмеген. Есеп комитетінің аудитінен кейін ғана 2021 жылдан 2023 жылға дейін 105 ұңғыманы жоюға жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл ретте биылдың қорытындысы бойынша тек 83 ұңғыманың жұмыстары аяқталады. Бұл 4%-дан аз.

Жалпы, Гидротехникалық құрылыстардың физикалық тозу деңгейін есептеу әдістемесі мүлдем жоқ. Қазсушардың мамандары гидротехникалық құрылыстардың тозғанын көзбен шолу арқылы анықтайды (!). Бұл жөндеуге жататын объектілерді, соның ішінде апатқа дейінгі объектілерді жөндеу кезектілігін дұрыс анықтамауға әкелуі мүмкін.

СОҢҒЫСЫ. Тіпті, ең маңыздысы деуге болады. Бағдарламалық құжат жоқ және су саласын дамытатын нормативтік-құқықтық база жетілдірілмеген.

Су ресурстарын басқарудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту созылып кетті.

Енді 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдама жобасы әзірленді. Осы жылдың 8 желтоқсанында Үкімет жанындағы Су кеңесінің отырысында тиісті Кешенді жоспардың жобасы таныстырылды.

Жаңа Су кодексінде де жағдай осындай, Мемлекет басшысының 2022 жылғы ақпанда берген тапсырмасына қарамастан, кодекс осы уақытқа дейін қабылданбаған.

Осы екеуі де негізгі құжат болып саналады. Бұл құжаттар жоқ. Соның салдарынан саланы жүйелі түрде мақсатты дамытудың орнына біз су шаруашылығының инфрақұрылымында да, кадрлар, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу, тарифтер және тағыда басқа сияқты жүйелі мәселелерді шешуде де «тесіктерді жамауға» мәжбүр боламыз.

Құрметті депутаттар, әріптестер!

Осы жылдың қыркүйек айында Президент өзінің кезекті Жолдауында басым бағыттар қатарында Қазақстанның су саласын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуымен аталған мәселелер тезірек әрі тиімдірек шешіледі деп сенеміз. Әсіресе, олардың көпшілігі ұйымдастыру немесе құқықтық (заңға тәуелді құқықтық актілер деңгейінде) деңгейде екенін назарға алсақ, бұл жұмыстар қаржыландыруды қажет етпейді.

Есеп комитеті мен Жоғары аудиторлық палатаның осы салаға қатысты берген нұсқамаларының ішінде орындалмағаны бар. Олар біздің бақылауымызда қалады.

Жоғары аудиторлық палатаның есебін мұқият қарағаны үшін депутаттарға алғыс білдіре отырып, оны бекітуді сұраймыз.

Баяндама аяқталды! Назарларыңызға рақмет!

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/674273?lang=kk