Қаз   Рус  Eng

Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы Әзербайжан Есеп палатасымен бірлесіп АЗОСАИ аудитін жүргізді

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының делегациясы Қытайға жұмыс сапары аясында жүргізілген Азия жоғары аудит органдары ұйымының (АЗОСАИ) Бас хатшылығы шоттарының аудиті бойынша жұмысты аяқтады.

АЗОСАИ — Азия аймағының жоғары аудит органдарының аймақтық ұйымы. Оған 48 елдің жоғары аудит органдары кіреді, ал Бас хатшылығы Қытайдың Ұлттық аудит кеңсесінің базасында орналасқан.

Ұйымның 2021-2023 жылдардағы шоттарын тексеру 15-23 сәуір аралығында Қазақстан Жоғары аудиторлық палатасы және Әзербайжан Есеп палатасымен бірлестікте жүргізілді. Бұл ретте еліміз екінші рет тиісті аудиторлық комитеттің мүшесі болып сайланғанын атап өту керек.

Аудит нәтижелері бойынша Хатшылықтың қаржылық тәртібі мен АЗОСАИ-дың бухгалтерлік есебін жүргізу деңгейінің жоғары екендігі анықталды. Қаржылық есептілік IFRS және IPSAS халықаралық стандарттарына сәйкес ұсынылды. Сонымен қатар аудиторлар ұйым қорларын басқаруды жақсарту бойынша ұсыныстар берді.

Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша отырыс барысында ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Рүстем Нұрпейісов тұрақты аудит АЗОСАИ қызметінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

«Біз ұйым шеңберіндегі бірлескен жұмыс елдер арасындағы жоғары аудит органдарының ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетініне сенімдіміз», — деді ол.

Аудит қорытындысы биыл қыркүйек айында Үндістанда өтетін АЗОСАИ-дың 16-Ассамблеясы барысында ұсынылады.

Дереккөз – https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/757253?lang=kk 

250424